Атырау полициясында жұмыс істейтін ару қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы атанды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау полициясында жұмыс істейтін ару қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы атанды.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, қызметімен бірге спортта да жетікстікке жеткен қызметкерлер аз емес. Соның бірі – полиция лейтенанты
Аида Хайруллина спорттың қоян-қолтық ұрыс түрімен айналысады.
Осы аптада Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкекте өткен Азия чемпионатында бақ сынады. Дүбірлі додада 13 елден 250 спортшы қатысқан.
Бұл сайыста атыраулық полиция лейтенанты Аида Хайруллина 70 келі салмақта сынға түсті. Ол қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, бірінші жүлдені иеленді. Сөйтіп, Азия чемпионаты атанып отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау полициясында қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы атанған атыраулық полицей жұмыс істейтінін хабарлаған едік.
Полиция аға лейтенанты Диана Жұмағазиева Атырау қаласында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Өзінің айтуынша, бала кезінен полицияда жұмыс істеуді мақсат еткен.
Сол мақсатпен М.Бөкенбаев атындағы заң институтын бітірген. Құқық қорғау органындағы қызметін учаскелік полиция инспекторының көмекшісінен бастаған.
Қазір ол жұмыспен ғана шектелмей, спорттың кикбоксинг және қоян-қолтық ұрыс түрімен шұғылданады. Спорттағы жетістігі аз емес. Жастар арасындағы Қазақстанның чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан әйелдер арасындағы әлем чемпионы атанған.