Атырау: Талдыкөл тұрғындары үйіне қайықпен оралып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының кейбір тұрғыны үйіне қайықпен оралып жатыр.

Тасқын су басу қаупіне байланысты 13 мамырда Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталған еді. Кейін 24 мамырда Атырау-Орал трассасынан аталған ауылға баратын жолды тасқын су басты. Осыған байланысты 25 мамырда елді мекен тұрғындарын мәжбүрлі эвакуациялау қолға алынды.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Талдыкөл ауылынан 2206 адам, оның ішінде 8 бала қайықпен көшірілген.
«Атырау қаласындағы «APEC PetroTechnic» колледжінде ашылған эвакуациялық пунктке орналасқан тұрғындардың кейбірі үйіне оралуға шешім қабылдады. Бүгін, 4 маусым сағат 17:00-дегі мәліметке сәйкес 100-ден астам талдыкөлдік тұрғын үйіне оралды. Оның ішінде 8 бала бар. Жедел құтқару жасағының құтқарушылары тұрғындарды ауылға дейін қайықпен тасымалдады. Елді мекен аумағындағы бір шаруа қожалығына Шерп автокөлігімен азық-түлік жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Тұрғындар таңертеңгі сағат 08:00-ден кешкі сағат 21:00 дейін тасымалданады. Оған жедел құтқару жасағының 7 құтқарушысы, 1 қайық, 2 автокөлік, 1 Шерп арнайы техникасы бөлінген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Жайық өзеніндегі су тасқыны шарықтау шегінен өткенін хабарлаған болатынбыз.