Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырау тұрғындары көше жарығы мен ойын алаңын салып беруді талап етіп отыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы Көкарна ауылында тұрғындар бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерге шағымданды. Ауылдың бір бөлігінде көше жарығы жоқ, жаяу жүргіншілерге арналған жол мен балалар ойнайтын алаң жетіспейді.

ауыл, балалар
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Көкарна ауылы Бухарка өзегінің екі жағында орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, өзектің бір жағында жағдай біршама жақсы болғанымен, екінші бөлігі назардан тыс қалып отыр.

Кеш түскенде қараңғы көшелермен жүру тұрғындарға қиындық туғызады. Әсіресе қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл үлкен мәселе. Тұрғындар балалардың да қауіпсіздігіне алаңдайды. Себебі ауылда ойын алаңы болмағандықтан, кейбірі жол бойында немесе жоғары кернеулі электр желісінің маңында ойнауға мәжбүр.

— 24-ші көше мен 11-ші өткелде жағдай жоқ. Көше жарықтандырылмаған, жаяу жүргіншілер жолы салынбаған. Балалар ойнайтын алаң болмағандықтан, жоғары кернеулі желінің маңында жүреді. Бұл өте қауіпті. Бұл мәселелерді әкімдікке бұрын да айтқанбыз. Бірақ үнемі келесі жылға қалып келеді, — деді ауыл тұрғыны Мұрат Әубәкіров.

Тағы бір тұрғын Гүлсара Кабошеваның айтуынша, балалар қауіпсіз жерде ойнай алмайды. Оның сөзінше, ауыл ішімен үлкен жүк көліктері де жүріп өтеді.

ауыл
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

— Балаларымызға ойнайтын жер жоқ. Сондықтан жолдың бойында ойнауға мәжбүр. Көшелерде үлкен жүк көліктері жүреді. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Футбол алаңы керек, — деді ол.

Қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, Көкарнадағы көше жарығы мәселесі назарға алынған. Қазір Атырау қаласындағы 300-ге жуық көшені жарықтандыру үшін жоба әзірленген. Соның ішінде Көкарнадағы 15 көше бар.

— 24-ші көше біздің жоспарымызда бар. Бюджеттен ақша бөлінсе, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Нақты қашан басталатынын қазір айта алмаймыз. Жалпы жоба екі жылға есептелген, — деді қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі секторының бас маманы Аман Латипов.

Әкімдік өкілдері Көкарнадағы балалар мен жастарға арналған спорт орындарын көбейту жоспарланып отырғанын хабарлады.

— Каспийская көшесіне және 31-ші көшеге 43×23 өлшемді футбол алаңын салу жоспарланып отыр. Нұрмашев көшесіне спорттық-жаттығу кешенінің салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жоба тиісті сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау үшін тиісті қаражат сұратылды, — деп хабарлады әкімдік.

Еске салайық, Атырау қаласының жаңа бас жоспарында су басу қаупі бар аумақтарда, санитарлық-қорғаныш аймақтарында және инженерлік желілердің қорғау белдеулерінде орналасқан нысандарды кезең-кезеңімен мемлекет мұқтажына алып, бұзу қарастырылған.