Атырау тұрғындары жағымсыз иістен мезі болғандарын айтып, шағымданды
АТЫРАУ.KAZINFORM – Атыраудағы Махамбет Өтемісов көшесінде орналасқан №118б көпқабатты үйдің тұрғындары жертөлені басқан лас су мәселесіне байланысты наразылық білдірді. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше жылдан бері шешілмеген мәселе олардың күнделікті өміріне айтарлықтай қиындық туғызып отыр.
1969 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй 2012 жылы қайта жаңғыртудан өткен. Алайда тұрғындар сол кездегі жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілгенін айтады. Олардың сөзінше, кәріз құбырлары әбден тозып, биыл наурыз айында жарылған. Соның салдарынан жертөлені кәріз суы басып, жағымсыз иіс бүкіл үйге тараған.
– Бұл кәрізге түсіп кетсең, батып кетуге болады. Жертөле толығымен суға толып тұр. Иісі қолқаны қабады. Біз әкімдікке бірнеше рет шағымдандық. Тіпті қайта жаңғыртудан кейін соттасқан болатынбыз. Олар кәріз құбырларын тазалап береміз деп уәде берген. Бірақ әлі күнге дейін ештеңе істелмеді. Ал қағаз жүзінде бәрі орындалған болып тұр, – дейді қала тұрғыны Мария Ивановна.
100 пәтерлі үй тұрғындарының айтуынша, екі ай бұрын олар мәселені шешу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүгінген. Алайда басталған жұмыстар аяқсыз қалған.
– Немерелерім келгенде «ата, үйден жағымсыз иіс шығады» деп ішке кірмейді. Құбырдың иісі үйдің ішіне дейін шығады. Үйде отыру мүмкін емес. 2012 жылы модернизациядан өтті. Жартысын ғана тазалап, қалғанын қалдырды. Сол үшін 54 миллион теңге төледік, – дейді тұрғын Қанат Уахитов.
Ал жауапты мекеме өкілдері мәселенің бар екенін растады. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі секторы басшысының міндетін атқарушы Ербол Айтқалиевтің айтуынша, қазір мердігер мекеменің бригадалары әлеуметтік нысандарда жұмыс істеп жатыр.
– Қазір мектептер мен балабақшалардағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар аяқталған соң Махамбет көшесіндегі үйлерге көшеміз. Бұл жоспарға енгізілген. Негізгі жұмыстар маусым айында басталады, – деді ол.
Алайда тұрғындар жауаптылардың бұл уәдесіне сенуден қалғанын айтады. Өйткені кәріз мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді.
Бұған дейін Талдықорғанда дауыл тұрғын үйдің шатырын жұлып әкеткенін жазған едік.