Атырауда 101 метр қондырғыны тасымалдау үшін бірқатар ықшамауданда жарық сөндіріледі

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау қаласындағы бірнеше ықшамауданда жарық сөндірілуде. Бұған қала аумағындағы ірі габариттік қондырғының тасымалы себеп.

жарық сөнеді
Фото: Рахим Қойлыбаев

«Атырау Жарық» ЖШС мәліметінше, бүгін «АтырауНефтеМаш» зауытының аумағынан Қарабатан кентіндегі Silleno құрылыс алаңына ірі габаритті жүкті тасымалдауға байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ықшамауданда электр энергиясы уақытша өшіру жоспарланған. Олар:

* Бірлік ықшамауданы
* Бірлік-2 ықшамауданы
* Томарлы ауылы
* Геолог ықшамауданы
* Мирас ықшамауданы
* Мұнайшы ықшамауданы
* Жұлдыз ықшамауданы
* Жұлдыз-3 ықшамауданы
* Береке ықшамауданы
* Вокзал маңы ықшамауданы — 3, 3а, 5
* СМП-163
* Атырау — Доссор тас жолы
* Г. Берғалиев көшесі
* М. Баймұханов көшесі

Атырауда 101 метр қондырғыны тасымалдау үшін бірқатар ықшамауданда жарық сөндіріледі
Фото: Рахим Қойлыбаев

— Өшіру жұмыстары персоналдың және ірі габаритті жүкті тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Уақытша туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңызға алғыс білдіреміз, -делінген Атырау Жарық ЖШС хабарламасында.

Айта кетейік, ток көзі арнайы бағана жүріп өткен аумақтарда кезең-кезеңімен беріліп жатыр.

Тасымалданып жатқан этиленді бөлу бағанасының биіктігі — 101,8 метр (30 қабатты тұрғын үйден биік), диаметрі — 7,5 метр, салмағы — шамамен 1,5 мың тонна. Бұл қондырғы полиэтилен өндіретін зауыттың негізгі қондырғыларының бірі.

— Ірі габаритті жабдықты тасымалдау үшін өске салмақтың біркелкі түсуін қамтамасыз ететін арнайы өздігінен жүретін модульдік тасымалдағыш пайдаланылады. Мұндай инженерлік шешім өске жүктемені рұқсат етілген шектерде ұстап, жол жабынының бүлінуіне жол бермейді. Тасымалдау қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, күндізгі уақытта шамамен бір апта бойы (сағатына 2–4 шақырым жылдамдықпен) жүзеге асырылады, — деп мәлімдеді зауыттың баспасөз қызметі.

Арнайы техниканың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін маршрут бойында жол қозғалысын уақытша шектеу, жол құрылыстарын күшейту және айналма бағыттарды ұйымдастыру шаралары қарастырылған.

Бұған дейін Шымкентте апат салдарынан бірнеше шағынауданда жарық пен газ өшіп қалғанын жазған едік.