Атырауда 1,5 мыңға жуық тұтынушының құқығы бұзылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында биыл тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1477 адам жүгінді. Мамандар 788 тұтынушының мәселесін шешуге көмектескен.
Атырау облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне осы жылдың басынан бері 1477 азаматтан шағым түскен. Оның ішінде 788 тұтынушының мәселесі оң шешімін тапса, 419 өтініш бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Департамент мамандарының мәліметінше, тұрғындар көбіне өз құқықтарын толық білмегендіктен қиындыққа тап болады. Әсіресе, алдын ала төлем жасауға байланысты дау-дамайлар жиі кездеседі.
— Қызмет көрсетілмесе немесе тауар берілмесе, тұтынушы шартты бұзып, алдын ала төлеген қаражатын қайтаруды талап етуге құқылы, — дейді Атырау облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлайхан Нұрсұлтанова.
Маманның айтуынша, мұндай жағдайлардың бірі биыл маусым айында тіркелген. Атырау қаласының тұрғыны мерекелік кешке көйлек жалға алу үшін алдын ала аванс төлеген. Алайда кештің өтпей қалуына байланысты қызмет көрсетілмеген. Тұтынушы ақшасын қайтаруды сұрағанымен, кәсіпкер бастапқыда одан бас тартқан.
Кейін тұрғын департаментке жүгініп, кеңес алған. Мамандар кәсіпкердің атына наразылық хат жолдауды ұсынған. Соның нәтижесінде кәсіпкер шартты бұзып, алдын ала төленген қаражатты толық қайтарған.
Департамент өкілдерінің мәліметінше, алдын ала төлемге қатысты шағымдардың шамамен 90 пайызы наразылық хат жолдау арқылы шешіледі. Ол үшін тұтынушы кәсіпкерге өз талабын жазбаша түрде жеткізуі қажет. Егер кәсіпкер 10 күн ішінде жауап бермесе немесе талапты орындамаса, азаматтар тиісті құжаттар мен дәлелдерді жинап, департаментке қайта жүгіне алады.
Бұған дейін Астанада тұтынушылардан түскен шағымдар 55 пайызға көбейгенін жазған едік.