Атырауда 17 жастағы жігіттің өліміне қатысы бар адамдарға шыққан үкім өзгеріссіз қалды

АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырауда 17 жастағы жігіттің өліміне қатысы бар 13 айыпталушыға шыққан үкім өзгеріссіз қалды.

сот
Фото: Kazinform / Нұрбибі Теміртасова

Қанды оқиға 2024 жылдың 19 қаңтары түні Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында болған.

Эльдар Аманбек пен оның достары туған күннен қайтып келе жатады. Таңғы төрт шамасында көлікте отырған оларға белгісіз адамдар келіп, соққыға жығады.

Эльдар Аманбектің анасының сөзінше, 17 жастағы баласы оқиға орнында қаза болады. Оның өліміне тізесіне салынған пышақ жарақаты себеп болған. Келіспеушілік барысында басқа да балалар жарақаттанады.

Кейін осы оқиғаға байланысты күдіктілерге қатысты адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, сондай-ақ бұзақылық баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Сот органымен 4 күдікті бұлтартпау шарасымен қамауға, 7 күдікті үйқамаққа алынған еді.

2025 жылдың 10 қазанында бұл іске нүкте қойылды. Соттың шешімімен 10 жігіттің әртүрлі мерзімге бас бостандығы шектелсе, 3 айыпталушы 6 жыл 8 айға, 6 жылға және 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Бүгін жәбірленуші мен айыпталушы тараптың аппеляциялық шағымы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралды.

Жәбірленуші тарап сотталғандардың әрекеттерін қылмыстық кодекстің 99 бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы бар деп есептеп, сот үкімінің күшін жойып, істі прокурорға қайтаруды сұраған. Ал қорғаушылар кінәлі деп танылған 3 азаматтың бірін ақтауды, қалғандарының жазасын жеңілдетуді сұраған. Прокурор жәбірленуші және қорғау тараптарының апелляциялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Сот алқасы қос тараптың шағымын негізсіз деп тапты.

- Іс бойынша Нұрхатұлы жәбірленуші Аманбекке ауыр дене жарақатын салған. Тізесінің артқы жағынан пышақпен жарақаттаған. Артериялық қан тамыры зақымдалып, жәбірленуші қайтыс болған. Осы жарақат нақты Нұрхатұлының әрекетінен туындағаны анықталып отыр . Басқа сотталғандардың басым көпшілігінің әрекеті бұзақылық, яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабының 2 немесе 3 бөлігімен сараланған. Аталған аппеляциялық шағымды сот алқасы негізсіз деп есептейді. Бірінші саты сотымен істің мән-жайы толық зерттелген. Жәбірленушілер, куәлардың жауаптарымен және сот сараптама қорытындылармен сотталғандардың үкімінің сипаттау бөлігінде көрсетілген қылмыстарды жасағаны айқындалған,-деді Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уалиева.

Ертең, 24 ақпан күні сағат 15:00-де сот алқасы Яна Легкодимованың өліміне қатысты айыпталушы тараптың аппеляциялық шағымын қарайды.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум