Атырауда 4 адамды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевке қатысты тергеу аяқталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ата-енесін және әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл ақпаратты облыс прокуратурасы растады.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 2 бөлігінің 1 тармағына сәйкес, яғни екі және одан да көп адамның өлімі, мал сату, карталарды жымқыру сынды деректері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 және 190 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Қазіргі уақытта Сұлтан Сарсемалиев қамауда отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, іс осы айда сотқа жіберіледі. Кейін сот процесі басталады.
Бұған дейін сот медициналық сараптамасы мен тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.
Сараптама Сұлтан Сәрсемалиевті дені сау деп таныған еді.
Еске салайық, наурыз айында айыпталушы сот санкциясымен екі айға қамауға алынған еді.
Көпті шошытқан қанды қылмыс туралы алғаш рет Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткеннен кейін белгілі болды.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары анықталды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.
Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.
Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.
Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер ұсталған еді.
Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.
Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.
Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады. 29 жастағы күдікті бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны сол жерге көміп кеткен.