Атырауда 4 мыңнан аса адамның көлік салығы бойынша 321 млн теңге берешегі бар
АТЫРАУ.KAZINFORM — Баспасөз брифингінде Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі қазіргі уақытта көлік салығы бойынша 4246 тұлғаның 321 млн теңге берешегі барын мәлімдеді.
Жеке тұлғалар көлік салығын жыл сайын тұрғылықты жері бойынша 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс. Ал мүлік салығы 1 қазанға дейін төленеді. Өткен жыл үшін есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі — 2026 жылдың 1 қазанына дейін.
— Салықты уақытында төлеу — әр адамның міндеті. Қазір көлік салығы бойынша 4 246 жеке тұлғаның 321 млн теңге берешегі бар. Оның 226 млн теңгесі — негізгі қарыз, 95 млн теңгесі — кешіктіргені үшін қосылған ақша. Ал мүлік салығы бойынша 10 415 адамның 50 млн теңге берешегі қалыптасып отыр, — деді департамент өкілі Бисен Юсубалиев.
Оның сөзінше, салық уақытында төленбеген жағдайда алдымен хабарлама жіберіледі. Егер берешек өтелмесе, салық бұйрығы шығарылып, іс жеке сот орындаушыларына жолданады.\
Кейін мәжбүрлі түрде өндіріп алу шаралары қолданылады.
Сондай-ақ Бисен Юсубалиев биылдан бастап күшіне енетін өзгерістерге де тоқталды.
— Енді көлік ескі болған сайын салық азаяды. Егер жеңіл көлік 10 жылдан асқан болса, салық 30 пайызға төмендетіліп есептеледі. Ал 20 жылдан асқан көліктер үшін салық екі есе азаяды. Сонымен қатар шаруа қожалықтары бір пикап көлігі үшін енді салық төлемейді, — деді ол.
Бұдан бөлек, қымбат мүлкі бар азаматтарға қатысты жаңа тәртіп енгізілді. Егер бір адамның барлық үйі, ғимараты және басқа да мүлкінің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, осы сомадан асқан бөлігіне 2 пайыз қосымша салық салынады. Мүлік неғұрлым қымбат болса, төленетін салық та соғұрлым жоғары болады.
Бұған дейін Жамбыл облысында салықтан жалтарған компаниядан 1,1 млрд теңге өндірілгенін жазған едік.