Атырауда 4 млрд теңгеге салынған, әлі ашылмаған мектептің сылағы түсіп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласына қарасты Еркінқала-2 ықшамауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері салынып жатқан мектепті тезірек пайдалануға беруді талап етіп отыр. Ата-аналардың айтуынша, жаңа білім ордасының ашылуы созылып кеткендіктен балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Ал әлі пайдалануға берілмеген жаңа ғимараттың қабырғаларындағы сылақтар түсіп жатыр.

Атырауда 4 млрд теңгеге салынған, әлі ашылмаған мектептің сылағы түсіп жатыр
Фото: видеодан скрин

Тұрғындардың сөзінше, мектеп құрылысы 6 жыл бұрын басталған. Қазір Еркінқала ауылындағы 680 орындық жалғыз мектепте 2 мыңнан астам бала білім алып жүр. Соның салдарынан оқушылар үш ауысымда оқиды. Сондықтан кей ата-аналар балаларын қаладағы мектептерге апарады.

Атырауда 4 млрд теңгеге салынған, әлі ашылмаған мектептің сылағы түсіп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

– Үш жылдан бері мектептің дауы бітпей тұр. Еркінқалада бір ғана мектеп бар. Бірақ балалар саны жыл сайын көбейіп келеді. Өткен жылы «биыл тапсырамыз» деген еді, алайда білім ордасы ашылмады,– деді тұрғын Гүлбарам Кәленова.

Тағы бір тұрғын Гүлжара Семғалиеваның айтуынша, ата-аналардан жыл сайын болашақ оқушылардың тізімі сұралады. Алайда нақты нәтиже болмағандықтан халықтың сенімі азайған.

– Бұл мектеп 2020 жылдан бастап салына бастады. Екі жыл бойы қаңқасы ғана тұрды. Жыл сайын балалардың тізімін сұрайды. Бірақ одан еш нәтиже жоқ, – деді ауыл тұрғыны.

Атырауда 4 млрд теңгеге салынған, әлі ашылмаған мектептің сылағы түсіп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

Тұрғындардың сөзінше, жаңа мектеп былтыр қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда құрылыс жұмыстары тағы да созылып кеткен.

Құрылыс басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 600 орындық жаңа мектеп құрылысына бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген. Шенеуніктер тұрғындардың мектеп құрылысы 6 жыл бұрын басталды деген пікірімен келіспейді. Басқарма өкілінің айтуынша, жоба 2023 жылы басталған. Кейін жобаға түзетулер енгізілген.

– Ішіндегі жабдықтары түгел орнатылған. Қыркүйекке дейін бала қабылдауды бастаймыз. Нысан облыстық білім беру басқармасына тапсырылады, – деді Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Райымбек Хамзаев.

Ал мердігер мекеменің өкілі Аян Исатайұлы құрылыс жұмыстары жоспар бойынша биылғы 30 наурызда аяқталғанын жеткізді.

– Біз бұл мектепке 5 жыл кепілдік береміз. Маусым айында тапсырыс беруші тарапынан айтылған ескертулерді түзетіп, нысанды толық тапсырамыз, – деді мердігер өкілі.

Жауаптылар дайын деп атаған мектепке кіру кезінде қабырғалардың сылақтары түсіп жатқаны белгілі болды. Мамандар мұны қалыпты құбылыс, барлығы қалыпқа келтірілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Атыраудағы Көктем ықшамауданының тұрғындары 5 жылдан бері ауыз су қысымының төмендігіне шағымданып келе жатқанын жазған едік.