Атырауда 450 гектарлық жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды

АСТАНА. KAZINFORM –Үкімет биыл 1 желтоқсанда «Атырау» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) құру туралы қаулы қабылдады.

Атырау
Фото: azh.kz

Құжатқа сәйкес, жаңа АЭА 2036 жылдың 31 желтоқсанына дейін жұмыс істейтін болады. Арнайы экономикалық аймақ Атырау облысы Атырау — Доссор тас жолы бойындағы Атырау қаласының және Жылыой ауданының әкімшілік-аумақтық шекаралары шегінде орналасқан. Экономикалық аймақтың жалпы аумағы 450 гектарды құрайды, оның құрылымында Атырау-Доссор трассасы бойындағы 400 гектарлық өнеркәсіптік аймақ және Жылыой ауданындағы 50 гектарлық субаймақ кіреді.

АЭА құрудың негізгі мақсаттары жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті өндірістердің жедел дамуына жағдай жасау, жаңа инвестицияларды тарту, заманауи технологияларды енгізу, қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылуын өсіру. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіптің химия, мұнай-химия, металлургия, бейметалл минералдық өнімдер, металл өңдеу, резеңке және пластмасса бұйымдары сияқты бағыттары дамытылады.

Оған қоса, АЭА аумағында арнайы құқықтық режим енгізіледі және еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылады. Құжатқа сәйкес, еркін кеден аймағы әрекет ететін учаске кедендік бақылау аймағы болып табылады. Ол кедендік бақылауды қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтылуы тиіс. Инвестициялық өңірдің периметрін қоршау, бейнебақылау жүйесімен жабдықтау және өзге де талаптарды кеден саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

АЭА аумағында шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және олардың көлік құралдарының кіру, шығу, транзит және болу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық келісімдерге сай жүзеге асырылады.

АЭА құру мерзімі аяқталып, аймақ таратылған жағдайда, Атырау облысының әкімдігі:

— Экономикалық аймақтың таратылуы туралы хабарландыруды мерзімінен кемінде үш ай бұрын БАҚ-та жариялайды;

— өнеркәсіптік-инвестициялық өңір аумағында жұмыс істейтін тұлғаларға тауарларды басқа кедендік рәсімге қайта ресімдеу тәртібін түсіндіреді;

— АЭА таратылғаннан кейін бір ай ішінде Президент пен ҚР Үкіметіне аймақ жұмысының қорытынды есебін ұсынады.
«Атырау» АЭА-ның 2036 жылға дейінгі нысаналы индикаторлары:

— жалпы инвестиция көлемі — 320 млрд теңге;

— шетелдік инвестициялар — 120 млрд теңге;

— отандық инвестициялар — 200 млрд теңге;

— өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі — 410 млрд теңге;

— қатысушы компаниялар саны — 70;

— құрылатын жұмыс орындары — 2500;

— өндірістегі қазақстандық үлес — 85%.

Қаулы 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Бұған дейін Үкімет TURAN арнайы экономикалық аймақ территориясын кеңейткен.

Соңғы жаңалықтар