Атырауда 5 жағажайдың 3-еуі 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілген

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауында 5 жағажай бар. Оның 3-еуі 10 жылға дейін сенімгерлік басқаруға берілген.

жағажай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, былтыр 2 жағажай коммуналдық меншікке қайтарлыған.

– Қазір Атырау қаласының коммуналдық меншігінде 5 жағажай бар. Оның 3-еуі сенімгерлік басқаруға берілді. Мәселен, 2020 жылғы шілдеде «Тұрғындар қалашығы» шағын ауданындағы жағажайды «LUCH», ал И.Мечников көшесіндегі жағажайды «Атырау Саябақ» жеке кәсіпкерлігі сенімгерлік басқаруға алды. Олармен 2030 жылға дейін келісімшарт жасалды, -деп ақпарат ұсынды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ал 2022 жылы тағы бір жағажайды сенімгерлік басқаруға беру туралы ұйғарым жасалған. «Биян» жеке кәсіпкерлігі әкімдікпен жасалған келісімшартқа сәйкес Қ.Мәмеков көшесіндегі жағажайды сенімгерлік басқаруға алған. Бұл келісімшарттың мерзімі 2032 жылы аяқталады.

– Өткен жылы «Тұрғындар қалашығы» шағын ауданында орналасқан «Алладин» мейрамханасы тұсындағы және дене шынықтыру-сауықтыру кешені маңындағы жағажайлар коммуналдық меншікке кері қайтарылды. Қазір бұл жағажайларды сенімгерлік басқаруға қайта беру үшін қаулы жобасы әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта жағажайларға қойылатын талаптарды айқындайтын комиссия жиыны өткізіледі, -деп мәлім етті баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының су айдындарында 46 орында шомылуға рұқсат берілетінін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар