Атырауда 9 жастағы қыздан жын шығармақ болған емші жауапқа тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Атырауда Кейқуат Оспанов есімді азамат әлеуметтік желідегі парақшасында ислам медицинасымен емдейтінін ашық көрсетіп, сеанстарын парақшасына жүктеген. Қазір емшіге қатысты іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлім етті.

Жын шығаратын емші
Фото: Видеодан алынған кадр

- Бұл іс бойынша тексеру жүріп жатыр. Қазір емшіні әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда, - деп қысқа қайырды Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ БАҚ өкілдері емшінің неліктен қылмыстық жауапқа тартылмайтыны туралы сұрады. 

- Менің білуімше, баланың ата-анасынан шағым болған жоқ, - дейді ол. 

Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде ислам медицинасымен жын шығарған емші Кейкуат Оспановтың әрекеті талқыға түсіп жатқаны жайлы хабарлаған едік. 

Белгілі болғандай, балалардан жын шығаратын емші бұрын Атыраудағы мешіттің күзетшісі болған.

Сондай-ақ, Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде тараған видео тексеріліп жатқанын хабарлады.

Кейін балалардың құқығын қорғау комитетінен жын шығаратын емшіде болған 9 жастағы қыз психологиялық көмек алып жатқанын мәлім етілді

Соңғы жаңалықтар