Атырауда апатты деп танылғанына 15 жыл болған үйде адамдар әлі тұрып жатыр
АТЫРАУ.KAZINFORM – Қазіргі уақытта Атырау облысында апатты үй саны 190-нан асады. Оның 90-ға жуығы Атырау қаласында орналасқан. Тұрғындар салынғанына 1 ғасыр жуықтаған баспаналар адам өміріне қауіпті деп, дабыл қағып жатыр.
Қабырғасы сөгіліп, төбесі құлап тұрған үйлер қаладағы Шүкір Еркінов көшесінде де бар. Сыртқы көрінісі адам шошырлықтай кейіпке түскен №4 және №4а үй 70 жыл бұрын салынған. Осыған дейін әкімдік жаңа баспана кілтін табыстаймыз деп бірнеше рет уәде еткенмен, әзірге нақты нәтиже жоқ көрінеді.
- Осыған дейін бізді мектепке жинап, «Огородный» шағын ауданында салынып жатқан көпқатарлы үйге көшіреміз деп қала әкімі Шәкір Кейкин уәдесін берген еді. Ал биыл әңгіме өзгерді. Бүгінде біз тұрып жатқан баспана ешкімнің балансында емес. Пәтер иелері кооперативі де жоқ, - деді тұрғын Фариза Сәрсенғалиева.
Тұрғындар жыл сайын пәтер ішін жөндеп, күтіп ұстауға тырысқанмен, қабырғалар көктеп, тұруға мүмкіндік болмай отыр .
- Үйіміз жылы әрі таза болса ескілігіне қарамай тұра беретін едік. Алайда жылу жоқ. Жылудың қысымы пәтерлерге жетпейді. Үйде сырт киіммен жүруге мәжбүрміз. Жан бағудың жолын іздеген көршілеріміз пәтер жалдап кетіп жатыр. Ал қаржысы жоқтарға амалсыздан осы үйде тұру тура келеді. Үйдегі жиһаздар көктеп кетті. Халық миллиондап несие алып, жөндеу жасайды. Алайда өзгеріс жоқ, - деді тұрғын Айзада Бейсембай.
Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын инспекциясы бөлімі өкілдерінің сөзінше, Шүкір Еркінов көшесінде апатты 3 үй бар. Бір үйде 22 пәтер. Бұл баспаналар 2011 жылы апатты деп тіркелген.
- Атырау облысы әкімінің орынбасарымен бекітіліген жол картасы бар. Ол 2029 жылға дейін қамтылған. Жыл басында апатты деп танылған 2 үйді сүру туралы шешім қабылдадық. Қалған 89 үйді 2029 жылға дейін көшіреміз. Бюджеттен қаржы бөлініп, пәтер алынуына байланысты апатты тұрғын үйде тұрып жатқандарға баспана беріледі, - деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі секторының меңгерушісі Гүлжамал Жолдасова.
Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, жылына орташа есеппен 7-8 апатты үй көшіріледі. Алдағы 3 жылда әкімдік апатты үйлердің иелерін жаңа пәтермен қуанту үшін кем дегенде жылына 29 үйді көшіру керек.
Айта кетейік, Атырау облысында 2023 жылы 13, 2024 жылы 24, 2025 жылы 20 үй көшірілген.
Осыған дейін зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй алудың тәртібі өзгергені жөнінде жаздық.