Атырауда арнайы техника автобуспен соқтығысып, үш жолаушы ауруханаға жеткізілді
АТЫРАУ. KAZINFORM –Жылыой ауданы Құлсары қаласында арнайы техника бұрылып жатқанда автобуспен соқтығысып, үш жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 20 қыркүйек күні сағат 18:50 шамасында Құлсары қаласындағы Махамбет даңғылында болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан арнайы техника бұрылып жатқан кезде «Yutong» автобусының терезелерін сындырғанын байқауға болады. Салдарынан жарақат алған үш жолаушы ауруханаға жеткізілген.
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр.
Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
Бұған дейін Қонаевта бала көлік астына түсіп, мерт болғанын жазған едік.