Атырауда арнайы жасақ басшылығы қарамағандағыларды балағаттап, ұрған
АТЫРАУ.KAZINFORM - Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан жылдам қимылдайтын арнайы жасақ басшылығының қарамағындағы қызметкерлерді балағаттап, қолындағы затпен ұрғанын байқауға болады.
Алдын ала мәлімет бойынша тараптар арасындағы бұл жағдай ақпан айында қызметтік бөлмеде болған. Олар басшылық тарапынан көрсетілген құрметсіздік мен қызметтік лауазымдарын асыра пайдаланғаны жөнінде ҚР ІІМ-не хат жазған.
Арызданушы тараптың сөзінше, арнайы жасақтың командирі мен рота командирлері оларға бейәдеп сөздер айтып, қолындағы затпен ұрған. Сол уақытта командирлердің бірі есікті ішінен жауып тұрған.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растады.
- ЖҚАЖ қызметкерінің қызметтік тәртіпті бұзу фактісі расталды. Қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, бөлініс басшылығы тарапынан орын алған әдепсіз әрекеттерге байланысты қызметтік тексеру басталды. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті баға берілетін болады,-деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Бұған дейін Атырау облысы Мақат ауданында полиция қызметкерлерін ұрғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.