Атырауда ауыл балалары мектепте емес, үш мекеменің бөлмесінде оқып жүр

Атырау облысындағы Исатай ауылының балалары мектепте емес, үш мекеменің бөлмесінде оқып жүр. Сабақ 35 минутқа қысқартылған, деп хабарлайды Kazinform.

Оқушы
Фото: Kazinform

Исатай ауданындағы Исатай ауылында 1 468 адам тұрады. Мұнда 320 орындық мектеп, балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория бар.

Білім ордасына Исатай батырдың аты берілген.

Биыл мамырда мектепте басталған күрделі жөндеу жұмысы баяу жүріп жатыр.

Сол себептен ауылдағы оқушылар мектепте емес, өзге үш мекеменің бөлмелерінде оқуға мәжбүр болып отыр. Сабақтың ұзақтығы 35 минутқа қысқартылған.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бүгін Исатай ауылының тұрғындарымен кездесті. Мектептегі күрделі жөндеу жұмысымен тексерді.

«Ауылдағы 320 орындық мектепті күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Жиынға келмес бұрын мектепке арнайы барып, мердігердің жұмысымен таныстым. Жөндеу жұмыстарының кестеге сай жүргізілмеуінен балалар сапалы білім ала алмай отыр. Бұл білім сапасына кері әсерін тигізеді. Мердігер мекеме – «ГрандСтройСервис» ЖШС білім ордасындағы жөндеу жұмысын 2024 жылдың 7 қаңтарында аяқтауы тиіс. Бірақ оқыту жүйесіндегі ыңғайсыздықты жою үшін жыл соңына дейін аяқтауды тапсырдым», -деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, Исатай ауылында келесі жылы спорт кешенінің құрылысы басталады. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр.

Ал, мәдениет үйі мен балабақша ғимараты ескірген. Сол себептен, жаңа нысандар салу үшін қажетті құжаттарды жинақтау көзделген.

Ауыл тұрғындары бірнеше мәселені қозғады. Ауылда интернет желісінің сапасы төмен. Сондай-ақ, ауылды көгалдандыру, теміржол вокзалының қызмет көрсету деңгейін көтеру қажет.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда шатыры тесік мектептің ғимараты бұзылатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар