Атырау тұрғыны үш жасар қызының көзінше әйелін пышақтап өлтірген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 42 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды. Азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды.
Қайғылы оқиға 22 шілдеде тұрмыстық жанжал кезінде болған.
– Тұрмыстық жанжал кезінде азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды. Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Марқұмның артында төрт баласы қалды. Туыстарының айтуынша, ер адам мен әйел алты жыл азаматтық некеде тұрған. Сондай-ақ олардың мәліметінше, күдікті әйелге 28 рет пышақ жарақатын салған. Қылмысқа ерлі-зайыптының үш жасар қызы куә болған.
Бұған дейін Атырауда әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірген зейнеткер 15 жылға сотталғанын жазған едік.