Атырауда балабақша тәрбиешісі туберкулезбен қайталап ауырған

Атырауда балабақша тәрбиешісінің туберкулезбен қайталап ауырғаны анықталып отыр. Науқас 1992 жылы осы сырқатпен ауырып, оң жақ өкпесіне ота жасалған, деп хабарлайды Kazinform.

балабақша
Фото: Freepik

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, науқасқа «Екі өкпенің инфильтративті туберкулезі, ыдырау сатысы» деген диагноз қойылған.

Дәрігерлер сырқатты қайталану түріне балап отыр. Тәрбиеші қазір ауруханада емделіп жатыр. 

«Науқас өкпе туберкулезімен 1992 жылы сырқаттанып, емделген. 1992 жылы оң жақ өкпесінің жоғарғы бөлігіне резекция операциясы жасалған. Емдеудің нәтижесінде сырқатынан сауығып шыққан», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Алайда, былтырғы ақпан айынан бастап учаскелік дәрігерге, пульмонолог, фтизиатр, эндокринолог, аллергологқа қаралып, тиісті ем алған.

Ал, қараша-желтоқсан айы аралығында өкпе қуысын жалпы шолу рентгенограммасына, кеуде тұсын компьютерліу томограммасынан түсірген.

«Орталықтандырылған дәрігерлік-консультативтік комиссияның шешімімен науқасқа „Екі өкпенің инфильтративті туберкулезі, ыдырау сатысы. Қайталанған түрі“ диагнозы қойылды. Қазір науқасқа емдеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Балабақша тәрбиешісінің туберкулезбен қайталап ауырғанына байланысты онымен жақын қарым-қатынаста болғандарды тексеру басталды.

Науқастың отбасында бала-келіні, немересі бар. Жұмыс орнындағы әріптестері мен көршілерінің тізімі жасалған.

«Науқаспен тікелей байланыста болғандардардың кеуде қуысының жалпы шолу рентгенограммасы мен флюорографиясы тексеріледі. Оған 6 айдан асқан болса, қайтадан түсіріледі. Соның нәтижесімен диаскенттест жасалады», -деп нақтылады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында былтырғы жыл басынан бері 43 адам АИТВ инфекциясын жұқтырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар