Атырауда бәсекелестік заңнамасын бұзғандардан 1,1 млрд теңге айыппұл өндірілді

штраф
Фото: Рүстем Айтхожин/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғандардан 1,1 млрд теңге айыппұл өндірілген.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Айгүл Нәбиеваның айтуынша, тауар нарығына жоспардан тыс 17 талдау жүргізілген. Тексеру кезінде 7 заң бұзушылық дерегі анықталған.

«Мәселен, «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС сұйытылған мұнай газын көтерме сауда нарығында өткізу үшін монополиялық жоғары бағаны белгілеген. Сол бағаны ұстап тұрғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Серіктестікке 162 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл қаржысы мемлекет пайдасына өндірілді. Ал «АТМА-Атырау Әуежайы және Тасымалдау» АҚ жалға алушылармен жасалған келiсiмшартта әртүрлi бағаны қолданған. Компанияға бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Сот шешімімен компанияға 2 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Өзге де кәсіпорындар мен компанияларға тексеру жүргізіліп, бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғандардан 1 млрд 172 млн теңге айыппұл өндіріліп алынды», - деді Айгүл Нәбиева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау экологтері жыл басынан бері 12 млрд теңгеден астам айыппұл өндіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram