Атырауда бірнеше рет түзетілген «100 аула» жобасы қашан аяқталады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 4 жыл бұрын басталған көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыруға бағытталған «100 аула» жобасы созылып кетті. Жобаға бірнеше рет түзету енгізілген. Қала әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың сөзінше, 76 ауладағы жұмыс 45-65 пайыз аралығында аяқталған.
«Авангард», «Лесхоз», «Огородный», «Вокзал маңы», «Алмагүл» сынды бірнеше ықшам аудандағы 76 үйдің ауласын абаттандыруға 3 мердігер мекеме жауапты. Әкімдік мамандары жыл сайын «жұмыс биыл аяқталады» деп сендіреді, алайда 2022-2023 жылы салынған жиектастар құлап, кейбірі сынып жатыр.

Аула ішіне салынған жолдар да тесіле бастаған.

Жалпы, жоба бойынша үйлердің ауласы адам танымастай өзгеруі, тасжолдың беткі қабаты ауыстырылып, тротуар жаңартылып, ойын алаңдары салынуы, аулаларға жарық шамдары орнатылып, көлік қоятын орын аумағы ұлғаюы тиіс. Бұл жұмыс біраз аумақта істелген.

- «Атырау Көлік» компаниясында 35, «Риголит» мекемесінде 28 аула болса, қалғанына үшінші мердігер Sheberbuild жауапты. Жалпы жұмыстың жобасы шикілікпен жасалған. Мысалы, ойын алаңдарына орнатылған құрылғылар жұмыс бітпей жатып, сынып жатты. Бұл сапасы төмен деген сөз. Сондықтан төзімді, сапасы жоғары құрылғылар қойып жатырмыз. Воркауттар бар. 2025 жылдың соңында үш мекеменің жобасы толық түзетілді, - деді қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов.
Оның айтуынша, бұл жоба аясындағы барлық жұмысты күзге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алғашында жоба құны 6,7 миллиард теңге болған, бірақ түзетулер мен өзгерістен кейін құны өскен.

Қалалық әкімдік мәліметінше, кей аулалардың жобасы сараптамадан енді өткендіктен, өсім көлемі есептеліп жатыр.
- Қаржыдан мәселе туындамайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге ордер алынды. Мердігерлер жұмыстарын бастап жатыр. Салықтардың көлеміне, қымбатшылыққа байланысты жоба құны өзгерді, - деді қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов.

Шенеуніктердің сөзінше, нысанды қабылдау кезінде барлық талап ескеріледі, сынған төсемтас немесе бордюр болған жағдайда мердігер тарапынан ауыстырылады.
Бұған дейін Атырауда кәріз желісін салуға арналған 23 жобаға 80 млрд теңге қажет екенін жазған едік.