Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда демалыс күндері үш адам суға кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM- Соңғы екі күнде Атырау қаласы мен оған жақын аумақтарда үш адам суға кетті. Екеуінің денесі табылса, бір адамды іздестіру жұмысы әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Суға шомылу
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, алғашқы оқиға 26 шілде күні сағат 14:34-те Атырау қаласындағы Мұнайшы ықшамауданы маңындағы автокөлік көпірінің жанында болған.Оқиға орнына «Марлин» қайығымен екі құтқарушы және мобильді топ жіберілген. Сүңгуірлер суға батқан адамды дереу жағаға шығарып, жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Алайда зардап шегуші есін жимай көз жұмған.

Сол күні сағат 16:34-те тағы бір оқиға Жаңаталап ауылындағы Жайық өзенінде тіркелді. Белгісіз жағдайда ересек адам суға кеткен.

- Оны іздеуге Төтенше жағдайлар департаментінің 9 құтқарушысы, 5 қайығы және мобильді тобы жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындар да қатысып жатыр. Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жалғасуда,-деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал 27 шілде күні сағат 00:50-де Атырау қаласынан шамамен 20 шақырым жердегі Зарослый ауылы маңындағы Зарослый каналында шаруа қожалығының бақташысы мал бағып жүрген кезде суға кеткен. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 3 құтқарушысы, бір техника және бір қайық жіберілді. Құтқарушылар бақташының денесін судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмауға және өзен-көл жағасында сақ болуға шақырды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес, суға шомылу маусымы басталғалы (1 маусымнан бері) еліміздің су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батқан. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам, оның ішінде 23 бала құтқарылды.