Атырауда домбыра пішіндес концерт залы қашан салынады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Президент 2022 жылғы қарашада Атырауға келген сапарында мәдениет орталығын салып, оған Құрманғазының атын беруді тапсырды. Содан бері үш жылға жуық уақыт өтсе де, жаңа нысанның құрылысы басталған жоқ.

— Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы — Құрманғазының атымен атауды ұсынамын, — деген еді Президент.
Мұнайлы шаһардағы концерт залының құрылысы 2012 жылы тоқтап қалды. Жергілікті әкімдік «сақалды» құрылысқа айналған нысанды қайта жаңғырту үшін инвестор іздеді.
Шетелдік компаниялар тоқтаған құрылысты жандандыруға ниет білдіргенімен келісім жасалған жоқ.
Кейін жергілікті әкімдік концерт залының нысанын сауда орталығына айналдыруды көздеді. Бұл қадам аяқсыз қалды.

Президент Атырау қаласының көркін бұзып, сүйелдей болған концерт залын сынға алып, жаңа мәдениет орталығын салуға тапсырма берді.
Содан бері үш жылға жуық уақыт өтсе де, жаңа нысанның құрылысы әлі басталған жоқ. Құрылыс жұмыстары қашан басталатыны әзірге айтылған жоқ.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің ұсынған ақпаратына қарағанда жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаты сараптамада жатыр.
— Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес концерт залы мен тарихи-өлкетану музейі үш блокқа бөлінеді. Бірінші блокта 1200 орындық концерт залы мен бөлме қарастырылып отыр, — деп хабарлады Руслан Жұмағазиев.
Бұл блокта көрермендерге арналған үлкен вестибюль, фойе мен кулуарлар, буфеттер болады деп көзделген. Екі конференц-залы болады. Оның бірі — 100, екіншісі — 50 орындық.
Сондай-ақ 40 орындық VIP зал, оркестрге арналған сахна, өнер ұжымдарының репетиция жасайтын бірнеше залы мен дыбыс жазу студиясы ашылады.

— Ал екінші блокқа тарихи-өлкетану музейін орналастыру жоспарланып отыр. Кешен құрамына сандық және ғылыми кітапхана, ғылыми зертхана, шеберханалар мен мұрағат, қор, көрме, экспозициялық және конференц-зал кіреді, — дейді Руслан Жұмағазиев.
Мәдениет орталығының үшінші блогы өзгеше болғалы тұр. Бұл — алдыңғы екі блокты бір-бірімен жалғастыратын «Домбыра» монументіндегі бақылау алаңы.
Мұнда кассалық галерея, монументтегі лифті мен баспалдақ алаңы бар фойе орналасады. Әр блокта әкімшілік және қосалқы бөлмелер қарастырылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 11 жыл бұрын басталған фармацевтикалық зауыт құрылысы сол күйі тоқтап тұрғанын хабарлаған болатынбыз.