Атырауда электр қуаты тапшылығы: көше жарығы 3 сағатқа кеш қосылады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Облыс орталығында электр энергиясын үнемдеу мақсатында түнгі көше жарық шамдары 21:00-де жағылатын болды. Бұл уақыт әдеттегіден үш сағатқа кеш.
Әкімдік таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, 2026 жылғы 20 қаңтардан бастап Атырау және Маңғыстау облыстарында электр энергиясын өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты жүйелік шектеулер енгізілген. Осыған байланысты 23–30 қаңтар аралығында Атырау қаласы ТҮКШ және ТҮИ бөлімі теңгеріміндегі түнгі көше жарық шамдары сағат 21:00-ден бастап қосу туралы шешім қабылданған.
- Дегенмен бірқатар негізгі көше бұрынғы уақыт бойынша жарықтандырылады. Атап айтқанда, Атырау–Доссор тас жолы, Әбілқайыр хан, Бейбарыс, Тайманов, Азаттық даңғылы, Сәтбаев, Махамбет, Құрманғазы және Баймұханов көшелерінде жарық шамдары әдеттегі уақытта қосыла береді. Қала тұрғындарынан түсініктік танытуды сұрай отырып, жол қозғалысы кезінде абай болуға шақырамыз, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, осыған дейін Атырау ЖЭО-ға газ жеткізу тоқтаса, өңірдің жылу мен электр қауіпсіздігіне қауіп төнетіні туралы жазған едік.