Атырауда электр қуатының тарифін өзгертуге себеп факторлар аталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында 1 қазаннан бастап электр энергиясының тарифі өзгеруі мүмкін. «Атырау Жарық» ЖШС тұрғындар үшін тарифті шамамен 30 пайызға, ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін 34 пайызға көтеруді ұсынды.
Компанияның ұсынысына сәйкес, тұрғындар үшін 1 кВт/сағат электр энергиясының құны қазіргі 22,29 теңгеден 28,98 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал кәсіпкерлер 1 кВт/сағат үшін бұрынғыдай 42,78 теңге емес, 57,46 теңге төлеуі ықтимал. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғаларға болжалдық өсім — 34 пайыз.
Тарифті қайта қарау мәселесі жария тыңдау кезінде талқыланды. «Атырау Жарық» өкілдерінің айтуынша, бағаның өзгеруіне электр энергиясын сатып алу құнының, оны беру және диспетчерлік қызметтердің қымбаттауы, сондай-ақ сыртқы ұйымдардан алынатын қызметтер бағасының өсуі әсер еткен.
Сонымен қатар компанияда электр энергиясын өткізу көлемінің төмендегенін атап өтті. Бұған бірқатар ірі тұтынушының нарықтық саудаға кетуі себеп болған.
Нақтырақ айтқанда, электр энергиясын өткізу көлемі 142,3 млн кВт/сағатқа төмендеген. Бұған «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Каспиан Офшор» ЖШС-нің көтерме нарыққа ауысуы себеп болған.
Электр энергиясын сатып алудың орташа өлшемді бағасы құрылымында 1 кВт/сағатқа 3,17 теңгеге (21%) өсу байқалды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап РАО ЕЭС Ресей компаниясынан сатып алынатын электр энергиясының бағасы 1 кВт/сағат үшін 7,41-ден 8,70 ресей рубліне дейін өсті, бұл 17,4%-ды құрайды.
«Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі Қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС-нің (атаулы қолдау) электр энергиясының бағасы 1 кВт/сағат үшін 13,50-ден 16,50 теңгеге дейін өсті, яғни 22%-ға артқан.
Электр энергиясын беру жөніндегі қызметтердің орташа өлшемді бағасы 1 кВт/сағатқа 4,30 теңгеге, яғни 33 пайызға қымбаттаған.
«Атырау Жарық» ЖШС-нің тарифі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 1 кВт/сағат үшін 13,009 теңгеден 17,29 теңгеге дейін өсті. Бұл «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асырумен байланысты.
— Электр энергиясының бағасы өсіп отыр. Оны беру құны да артты. Сонымен қатар «KEGOC» АҚ-тың диспетчерлік қызметтері мен Құрманғазы ауданына электр энергиясын жеткізетін ресейлік ұйымның тарифтері қымбаттаған. Бұған қоса, біздегі өткізу көлемі де төмендеді. Мұның барлығы тарифке әсер етіп отыр, — деді «Атырау Жарық» ЖШС директорының электр энергиясын сату жөніндегі орынбасары Тұрлан Дошатов.
«Атырау Жарық» ЖШС-нің тарифті өзгерту туралы ұсынысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің қарауына жолданды.
Қорытынды шешім қазан айына дейін қабылдануы тиіс.
Еске салайық, 1 қазаннан бастап Атырауда жылу энергиясын беру, тарату және өткізу қызметінің тарифі де 1 қазаннан бастап көтерілуі ықтимал.