Атырауда электрлі көлік жүргізушілері 7 айда 930 мәрте жол ережесін бұзған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері электрлі көлік жүргізушілерінің 930 мәрте жол ережесін бұзғаны тіркеліп отыр.

Жол полициясы
Фото: Жетісу облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, мотокөліктер мен электросамокат жүргізушілері полицейлердің заңды талабын орындамай, қашып кетуге тырысады. 

«Соңғы кезде мопед, мотоцикл мен скутер жүргізушілері жасаған жол-көлік оқиғасы жиіледі. Биылғы жыл басынан бері электрлі көліктердің жүргізушілері тарапынан 930 құқық бұзушылық анықталды. Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, 120-дан астам скутер, мопед арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушілердің басым бөлігі жылдамдық асырып, басып озады. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай, қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Тәжірибеге сүйенсек, мұндай көлік түрлерін жасөспірімдер жүргізеді. Кәмелетке толмаған жүргізушілер жолда жүру ережелерін бұзады», - дейді Әбдіғани Сейдуалиев. 

Оның пікірінше, жасөспірімдердің дені мотоцикл, мопед пен скутерді құжатсыз жүргізеді. Ата-аналары балаларының қауіпсіздігіне мән бермейді. 

«Тек Атырау қаласында жыл басынан бері электрлі көлік жүргізушілері бұзған 106 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының салдарынан 53 адам дене жарақатын алды. Ал, 5 адам қайтыс болды», -деп мәлім етті Әбдіғани Сейдуалиев.

Баласына мопед алып берген тұрғынның бірі – атыраулық Тимур Рахишев. Алайда, оның ұлы бір жыл бұрын жол апатына түсіп, дәрігерлерге қаралып жүр. 

«Ата-ананың бәрі балаларын қуантқысы келеді. Мен де бір жыл бұрын 14 жастағы ұлымды қуанту үшін мопед алып берген едім. Бірақ, баланың бір күнгі қуанышын емес, болашағын ойлау қажеттігін кеш түсініп отырмын. Қазір көшеде мопед айдап жүргендер жол ережесін жиі бұзады. Тіпті олардың жүрісінен қорқамын. Мопедшілер екі күннің бірінде жол апатына ұшырап жатыр. Зардап шегетіндер де – мопедшілер мен скутершілер. Көбінің жасы 18-ге толмаған. Қазір арбада отырған баламды көргенде, бір күнгі қуанышы үшін болашағына балта шаптым-ау деп өкінемін», -дейді Тимур Рахишев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мотоциклмен түйеге соғылған жасөспірім оқиға орнында мерт болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар