Атырауда ерекше балалардың ата-аналары мемлекеттің жөргекті төрт бөліп беруіне қарсы

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ерекше балалардың аналары мемлекет тарапынан жылына бір мәрте берілетін 1460 жөргектің тоқсанға бөлінуіне қарсы. Олардың сөзінше, енді аналар әр тоқсан сайын Aleumet порталы арқылы 365 жөргекке тапсырыс беріп отыруы тиіс.

жөргек, сәби
Фото: pixabay

Жөргектің тоқсан тоқсанға бөліп берілуі оның сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені, жеткізуші мекеменің таңдауы әртүрлі. 4 тоқсанда 4 түрлі жеткізуші қызмет көрсетуі ықтимал. Және гигиеналық құралды жеткізуге айтарлықтай уақыт кетеді. Сондықтан ата-аналарға жөргектің тиесілі көлемін жылына бір мәрте алған ыңғайлы.

— 1460 жөргек төрт бөліп келгенде сапасы қандай болады? Аллергия болып қалуы мүмкін. Балаларымыздың денесіне жара шығып кете ме деген қауіп бар.Әр балаға әртүрлі гигиеналық зат керек. Жеткізуші мекеме арзан жөргекті іздейтіні белгілі. 4 түрлі компания бізді жөргекпен қамтуға жауапты болуы мүмкін. Бұл да біздің уайымымыз. Әрине, біз балаға қажетті жөргектің маркасын бекітеміз. Жөргекті тасымалдау уақыты ұзарса, қалтамызға салмақ салады. Жақын жердегі дәріханаларды кезіп кетеміз, — деді ата-ана Гүлжан Құсайынова.

Мәселе министрліктерге жетсін деген ата-аналар мемлекеттен берілетін жөргек жыл бойына жетпейді деп отыр. Өйткені ерекше бала күніне 8-10 дана гигиеналық құралды пайдаланады.

— Жеткіліксіз болғандықтан өз ақшамызға сатып аламыз. Бір үйде бірнеше ерекше бала болуы мүмкін. Ата-аналар оларды емге алып барады. Мысалы, оңалтудың өзіне ана баласымен барып, 24 күн ем-дом алады. Ата-ана уақытын баланы емдетуге жұмсай ма, әлде жөргек бітейін деп жатыр деп мазасыз дегбірі қашып жүру керек пе?!, — деді ата-ана Назерке Досқалиева.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жөргектерді тоқсан сайын беру (тоқсанына кемінде 360 дана) гигиеналық құралдарды жыл бойы біркелкі пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ жосықсыз өнім берушілер тарапынан болатын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған шешім деп түсіндірді.

— Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тоқсан сайын тапсырыс беру ұсынылатын тауардың сапасын жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді: егер тауардың сапасы көңілден шықпаса, келесі тоқсанда алушы өнім берушіні жедел ауыстыра алады. Жылдық көлемді бірден алған жағдайда мұны жүзеге асыру қиынға соғады. Ұзақ жеткізу тәуекелдерін болдырмау және қамтамасыз етудегі үзілістерге жол бермеу мақсатында министрлік күні бұрын тапсырыс беру механизмін қарастырды. Қызмет алушылар келесі тоқсандық нормаға өтінімді алдын ала — алдыңғы тапсырыс берілген күннен бастап 60 күнтізбелік күн өткен соң ресімдей алады, — деп пікір білдірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Министрлік мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың өтініштеріне мұқият қарайтынын, Атырау облысының жергілікті атқарушы органдары ата-аналармен кездесулер өткізіп, логистиканың ыңғайлылығы мен қамтамасыз ету жиілігіне қатысты айтылған барлық уәж назарға алынғанын айтты.

Ресми мәліметке сүйенсек, министрлік тоқсан сайын қамтамасыз ету механизміне кешенді талдау жүргізіп келеді. Осы талдаудың қорытындысы бойынша, қызмет алушылардың пікірін ескере отырып, гигиеналық құралдарды ұсыну форматы бойынша оңтайлы шешімдер қабылданады деп отыр. Жалпы жылдық көлем өзгеріссіз қалады және азаматтардың тиісті оңалту құралдарын алу құқықтары толық көлемде қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта Атырау облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 4,5 мыңы — бала. 3300-іне гигиеналық жөргек тиесілі.

Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді орта қағидалары бекітілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум