Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда ет қаншадан сатылып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында ет бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ. Мамандардың мәліметінше, өңірдегі нарық тұрақты, ал бағаға күнделікті мониторинг жүргізіліп келеді.

мясо
Фото: Kazinform / Nano Banana

Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің дерегіне сәйкес, өңірде сиыр етінің төс бөлігі 3500–3700 теңге, ал сан еті 3800–4100 теңге аралығында сатылып жатыр. Жылқы етінің бағасы 3800–4000 теңге болса, қой етінің келісі 3000–3500 теңгеден саудалануда.

Департамент мамандарының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасында айтарлықтай өсім тіркелмеген. Кейбір өнімдердің құны маусымдық ерекшеліктер мен логистикалық шығындарға байланысты уақытша өзгеруі мүмкін.

Өңірде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында күн сайын мониторинг жүргізіліп, бақылау жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылады. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңда белгіленген сауда үстемесін негізсіз асырған 86 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Азамат Әлібаевтың айтуынша, өңірдегі ет қоры жеткілікті әрі тұрақты жеткізіліп отыр.

– Күн сайын қаладағы мал сою пункттерінде орта есеппен 60 бас сиыр, 10–20 бас жылқы және 15–20 бас қой сойылады. Мал негізінен Батыс Қазақстан облысынан, сондай-ақ Атырау облысының Қызылқоға, Құрманғазы және Махамбет аудандарынан жеткізіледі. Жалпы өңірдегі ет бағасы тұрақты деңгейде сақталып отыр, – деді Азамат Әлібаев.

Маманның мәліметінше, өңірде тұрғындар етті қолжетімді бағамен көбіне «Дина» және «Сарайшық» коммуналдық базарларынан сатып алады. Баға мониторингі алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілгенін жазған едік.