Атырауда итті күрекпен аяусыз ұрған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ауласындағы итті күрекпен бірнеше рет ұрған әйелдің іс-әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.Әлеуметтік желіде тараған видеодан келіншек байлаулы тұрған үй жануарын күрекпен аяусыз ұрып, жарақаттағанын көруге болады.

в
Фото: видеодан алынған скрин

31 наурыз күні шамамен сағат 17:30-да полицияға үй жануарына қатыгездік көрсету фактісі туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайдан 39 жастағы әйелді анықтаған.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, олар келген кезде әйел қарсылық көрсетіп, заңды талаптарды орындамаған. Осыған байланысты ол полиция қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар жануарларға қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен жануарға қажетті ветеринариялық көмек көрсетілген.

в
Фото: видеодан алынған скрин

- Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жануарларға қатыгездікпен қарау — тұрмыстық «жанжал» емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын құқықбұзушылық. Мұндай барлық фактіге құқықтық баға берілетін болады, - деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.

Еске салайық, былтыр Атырауда 10 мыңға жуық бұралқы ит ауланғанын жазған едік.