Атырауда итті ұрып, өртеп өлтірген екі адамның бас бостандығы 6 айға шектелді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда екі жігіттің бірі итті бағанаға байлап, артынша ұрған. Ал, екіншісі итке жанармай шашып өртеген. Сот итті өлтірген екеудің бас бостандығын 6 айға шектеді.
Бұл теріс әрекет жұртшылықтың наразылығы мен түрлі пікіріне арқау болды. Жергілікті полиция күдіктінің бірін қамауға алған еді.
Аталған қылмыстық іс Атырау облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Өйткені, сотталушының бірі кәмелет жасына толмаған.
Соттың мәліметінен сүйенсек, оқиға биылғы жазда болған. Итті қатыгездікпен қорлаған екі айыпталушының әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 3-бөлігінің 2-ші және 5-тармағымен сараланған.
«Сотталушылар өзара сөз байласу арқылы көшеден итті ұстап алып, бағанаға байлаған. Бірі иттің үстіне жанармай құйып, артынша өртеген. Ал, екіншісі итті темірмен бірнеше рет ұрған. Соның нәтижесінде ит өліп қалған. Сотталушылардың кінәсы куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді», - деп хабарлады аталған соттан.
Прокурор сотталушыларға жарты жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды ұсынды. Ал, сотталушылар кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза беруді сұраған.
Сот айыпталушыларды ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп таныды. Айыпталушылардан жария түрде немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып, жасады деген айып алынып тасталды. Өйткені, аталған айып белгісі дәлелденбеген.
«Сотталушылардың жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жасы мен бұрын сотты болмағаны танылды. Жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескеріліп, олардың бас бостандығын 6 ай мерзімге шектеу жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында итті өртеген жігіт қамауға алынғанын жазған болатынбыз.