Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда қалдық суда қалған балық шабақтарының бір бөлігі қырылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Жылыой ауданында қалдық суда қалған балық шабақтарының бір бөлігі қырылды. Жауапты мекемелер 21 мыңнан астам мөңке мен сазан шабағын құтқарып, өзенге жіберсе, 22,5 келі өлген шабақ жиналып, жойылды.

Атырауда қалдық суда қалған балық шабақтарының бір бөлігі қырылды
Видеодан алынған кадр

Жылыой аудандық әкімдігінің мәліметінше, 25 шілдеде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мен Жем ауылдық округі әкімдігі Тұрғызба ауылындағы өткелде қалған қалдық суға шоғырланған балық шабақтарын құтқару жұмыстарын ұйымдастырған.

— Нәтижесінде 21 мыңнан астам мөңке мен сазан балықтарының шабақтары құтқарылып, Жем және Құр Жем өзендеріне жіберілді. Сондай-ақ 22,5 келі өлген балық шабағы жиналып, жойылды.Қазір жағдай тұрақты, - деп мәлімдеді аудан әкімдігі.

Бұған дейін өңірге қарасты Құрманғазы ауданындағы Қиғаш және Шарон өзендеріне өр суы келіп, кейін өзен деңгейі бір қалыпқа түскеннен соң бөлініп қалған жайылма сулардан құтқарылған балық шабақтарының саны 33,9 миллионға жеткенін жазған едік.