Атырауда кәмелетке толмаған қызды зорлауға оқталған күдікті 17 жылға сотталды

сотталды
Фото: Kazinform

Атырауда кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлауға оқталған күдіктіге қатысты сот үкімі шықтты. Ол 17 жылға сотталды, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі және 200-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.

Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, заңға сәйкес істің мән-жайы жария етілген жоқ. Сотталушы И.-дың кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленуші мен оның заңды өкілінің, куәгердің айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау актісімен, сараптамалық қорытындылармен толық дәлелденді.

Прокурор И.-ды 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі прокурордың ұстанымын қолдап, сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал, Сотталушы И., кінәсін мойындады.

«Жазаны тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталушының мінез-құлқын, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерді. Сот үкімімен сотталушы И.-ға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, бас бостандығынан 17 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Соттың үкімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғыны 13 жасар қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Кейін Атырауда 13 жастағы қызды зорламақ болған күдіктіге қатысты жаңа деректер айтылғанын  жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram