Атырауда кәріз-тазарту кешеніндегі сарқынды судан мұнай қалдықтары табылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жайық өзенінің сол жағалауындағы кәріз-тазарту кешеніндегі судан мұнай өнімдерінің қалдықтары табылған. Бүгінде станцияның жұмысына «Атырау облысы Су Арнасы» КМК жауапты. 

Атырауда кәріз-тазарту кешеніндегі сарқынды судан мұнай қалдықтары табылды
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Аталған мекеменің редакцияға берген жауабына сүйенсек, станцияда 27-ші қыркүйектен бастап аэротенктің бетінде май пленкасы пайда болған және аумақтан мұнай қалдықтарының иісі байқалған. 

– Қазіргі таңда облыстық табиғат қорғау прокуратурасы мен экология департментіне хат жолданды. Тексеріс барысында біздің қызметкерлер станция аумағындағы ауадан көміртегі тотығы мен күкірт сутегісі шектік нормадан бірнеше ескенін анықтады. Нақтырақ айтқанда, көміртегі тотығының көлемі 976 мг/м3 болған, ал норма бойынша 20мг/м3-дан аспау керек. Күкірт сутегісі – 195 мг/м3-ты құрады. Шектік мөлшер – 10мг/м3. Мұнай қалдықтарын жүйеден тазалау уақыты бір айдан үш айға дейін созылады. Сол жағалаудағы кәріз тазарту станциясында мұнай қалдықтарын тазалау технологиясы қарастырылмаған. Себебі, кешен тұрмыстық кәріз суына арналған, - делінген «Атырау облысы Су Арнасы» КММ-ның жауабында. 

Атырауда кәріз-тазарту кешеніндегі сарқынды судан мұнай қалдықтары табылды
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Атырау облыстық экология департаменті 3 қазан күні «Казгидромед» РМК АОФ мамандары кәріз суын тазарту станциясындағы судан сынама алғанын хабарлады.

– «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мамандары химиялық талдау жүргізу үшін мұнай өнімдерінің мөлшерін анықтау мақсатында 3 жерден сынама алды. Сынақ хаттамасына сәйкес су сынамаларында мұнай өнімдерінің мөлшері 0,005 мг/дм³-тен төмен. Мұның шекті нормадан асқанын немесе аспайтынын анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүріп жатыр, - деді Атырау облыстық экология департаментінің бас маманы Ардақ Уралова. 

Атырауда кәріз-тазарту кешеніндегі сарқынды судан мұнай қалдықтары табылды
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Еске сала кетейік, біз бұған дейін АМӨЗ-де жөндеу жұмыстарының басталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар