Атырауда көбейген лотос экожүйеге қауіп төндіре ме

АТЫРАУ. KAZINFORM – Екі жасөспірімнің тәжірибесі күтпеген нәтижеге әкелді. Атырау қаласының маңындағы Перетаска өзегіне себілген лотос тұқымы арада екі жыл өткенде гүлдеп, тұтас алқапқа айналған. Қызыл кітапқа енген өсімдіктің жаңа аумақта таралуы мамандардың назарын аударып, оның жергілікті экожүйеге ықпалы талқыланып жатыр.

Лотос
Фото: видеодан скрин

Бұл аумақта гүлдің пайда болуын жергілікті тұрғындар екі жасөспірімнің тәжірибесімен байланыстырады. Айым Жангелді мен Шаттық Хами есімді жеткіншектер лалагүлдің тұқымын өзенге сеуіп, аталған аумақ күтпеген жерден тамаша көрініске айналған.

Оқиға екі жыл бұрын басталған. Айым Жангелдінің анасы Қытайдағы маркетплейстен лотос тұқымына тапсырыс берген. Қыздар алдымен гүлді үй жағдайында өсіріп көрмек болған. Алайда нәтиже шықпаған соң, қалған тұқымды Кеңөзек маңындағы Перетаска өзегіне шашқан. Бір жылдан кейін су бетінде алғашқы жапырақтар пайда болған. Ал биыл лотос гүлдеп, өзеннің бір бөлігінде тұтас алқап қалыптасқан.

Айым мен Шаттық
Фото: видеодан алынған скрин

- Анам Қытай маркетплейінде жұмыс істейді. Сөйтіп қызығып лотос гүліне Қытайдан тапсырыс бердік. Үй жағдайында өсіргіміз келді. Өспеді. Сосын Кеңөзекке шаштық. Шөптері жайлап шығып тұрды,- деп Айым Жангелді.

Қазір Перетаска өзегіндегі лотос алқабы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі сирек кездесетін гүлдің Атырау маңында жайқалғанын табиғаттың ерекше көрінісі деп бағаласа, енді бірі сырттан әкелінген тұқымның жергілікті экожүйеге әсеріне алаңдайды.

Биолог ғалым Гүлнәр Сапарованың айтуынша, лотостың су экожүйесінде белгілі бір пайдасы бар. Өсімдік балықтардың тіршілік етуіне қолайлы орта қалыптастырып, су өсімдіктері мен планктон, бентос сияқты тірі ағзалардың дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар лотос су құрамындағы кейбір қоректік элементтерді сіңіреді.

- Лотос балықтарға тіршілік етуге қолайлы орта қалыптастырады. Оның айналасында су өсімдіктері, фитопланктон, зоопланктон және бентос дамиды. Сонымен қатар лотос судағы кейбір зиянды химиялық элементтерді, соның ішінде фосфор, калий және түрлі иондарды сіңіруге қабілетті. Бұл су сапасын сақтауға белгілі бір деңгейде әсер етеді,- биология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Сапарова.

Ғалымның пікірінше, лотостың шамадан тыс таралуы экожүйеге кері әсер етуі мүмкін. Егер өсімдік су бетін толық жауып қалса, күн сәулесінің суға түсуін шектеп, оттегінің алмасуына әсер етеді. Бұл өз кезегінде судағы тіршілік иелерінің қоректік базасына ықпал етуі ықтимал. Сондықтан жаңа аумақтағы өсімдіктің таралуын бақылау қажет.

Гүлнәр Сапарова гүлдің бұл түрі су көлемінің азаюына не көбейін ешқандай әсер етпейтінін айтты.

Ал эколог Мәнсия Есенаманова лотостың өзін зиянды өсімдік деп бағалауға болмайтынын айтады.

Оның сөзінше, лотос судағы азот пен фосфорды сіңіреді. Бұл элементтердің шамадан тыс жиналуы эвтрофикация процесіне себеп болуы мүмкін.

- Лотос өзі зиянды емес. Себебі азот пен фосфорды сіңіріп алады. Ал азот пен фосфор эвтрофикация процесіне әкелетін негізгі элементтер болып саналады. Сондықтан лотостың негізгі пайдасы көп. Лотос ағынды суда өспейді. Ол тек тұрақты және таза суда өседі,-деп пікір білдірді Мәнсия Есенаманова.

Мамандардың пікірінше, әзірге лотостың таралуына қатысты нақты қорытынды жасауға ерте. Өсімдіктің саны, таралу жылдамдығы және жергілікті су экожүйесіне әсері тұрақты бақылауды қажет етеді.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген лотос Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің саласында шілде айының ортасынан бастап гүлдейді.

Биылдың гүлдің бұл түрі Атырау қаласындағы Перетаска өзегінде шыға бастағанын жазған едік.