Атырауда көбінде ауқатты, толық отбасынан шыққан балалар өзіне қол жұмсауға бейім - әкім орынбасары

Биыл Атырау облысында 38 жасөспірім суицид жасамақ болған. Оның ішінде 9 жасөспірімге дер кезінде көмек берілмеген, деп хабарлайды Kazinform.

Суицид
Фото: Pexels

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, өзіне қол жұмсауға бейім жасөспірімдер саны артқан.

— Соңғы кездері жасөспірімдердің психологиялық-эмоционалдық жай-күйі алаңдата бастады. Олай дейтінім, Атырау облысында өзіне қол жұмсауға ұмтылған балалардың саны артып отыр. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Биыл 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Өкінішке қарай, 9 жасөспірімге жақындары тарапынан дер кезінде көмек берілмеген. Қайғымен аяқталған соңғы екі оқиғаны айтайын. Жақында ата-анасына ренжіген 14 жасар қыз бен 15 жасар ұл биіктен секіріп кетті. Бірі көпқабатты үйден, екіншісі көпірден құлаған, -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Оның айтуына қарағанда, жасөспірімдердің суицид жасау себебіне талдау жүргізілген.

Жасұлан Бисембиев
Фото: Фото: GOV.KZ

— Талдау көрсеткендей, көз жұмған балалардың басым көпшілігі — толық әрі ауқатты отбасынан. Алайда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен келіспей қалған балалар бейім екен. Сондықтан, ата-аналар баласымен мейілінше ашық сөйлескені жөн. Олармен көбірек уақыт өткізіп, сырласына айналуы керек, -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, жергілікті билік мектептердегі психологтардың оқушылармен жұмысын күшейткелі отыр.

Облыстық білім басқармасы жанынан жасөспірімдерді психологиялық қолдау орталығын ашылады.

Бұл орталықта эмоционалдық тұрақсыздыққа тап болған балаларға әдістемелік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, арнайы call-center іске қосылады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 15-қабаттың балконынан секіруге оқталған әйел құтқарылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар