Атырауда колледж студенттері жаңа құрылғы мен қосымша ойлап тапты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда С.Мұқашев атындағы жоғары политехникалық колледжінің жаңашыл студенттері өнертапқыштығымен танылды.

Мәселен, 3-курс студенті Нұрдәулет Кенжебай ауаны тазартуға қолданатын құрылғыны ойлап тапқан.
– Сыртқы көрінісін жасанды интеллект арқылы бейнеледім. Ал сүзгісіне белсендірілген көмірді пайдаланамын. Бұл құрылғыны зертханаларындағы сорғы шкафтарда қолдануға болады. Өйткені, химиялық зерттеу жүргізу кезінде құрылғы улы газдың 60 пайызын тұтып қалады, - дейді өнертапқыш студент.

Ол мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы бойынша білім алып жүр. Өзінің құрылғысына зерттеу кезінде белсендірілген көмірдің улы газды жақсы сіңіретінін анықтаған.

– Көмірді матаға салып өңдедік. Бұл идеяны зерттеуге 2-3 апта, ал сүзгісін дайындауға үш ай жұмсадым. Болашақта зерттеуімді жалғастырғым келеді, -де»ді Нұрдәулет Кенжебай.
Ал есептеу техникасы және ақпараттық желілер мамандығында білім алып жүрген Шадияр Жандарбек, Нұрислам Өтепберген, Дамир Қадырғали мен Артур Өмірғали жаңа қосымшаны жасап шығарған. «NeXa» аталатын жаңа қосымшаға 5 бағытты қамтыған тест тапсырмалары жүктелген. Қосымша – бейімделген курс базасы бар білім беру платформасы. Бұл қосымша арқылы білім алушылар өз деңгейін тексеруіне болады. Әзірге тест тапсырмалары орыс тілінде жүктелді. Алдағы уақытта қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқасы қосылады. Тест тапсырмаларының бағыты көбейеді, - дейді автордың бірі Шадияр Жандарбек.
Ол былтырғы желтоқсанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасында «Ақпараттық технология» бағыты бойынша жеңімпаз атанған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Колледждердің 100 үздік студенті марапатталғаны жазылған болатын.