Атырауда колония маңынан түйіншегі бар дрон анықталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жақын маңнан түйіншегі бар ұшқышсыз ұшу аппаратын анықтады.
Оқиға сағат 08:30 шамасында болған. ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің лейтенанты Мирас Исказиев № 15 мекемесінен шамамен бір шақырым қашықтықта қызмет атқарып жүрген кезде жерде жатқан орамы бар дронды байқаған.
Тексеру кезінде түйіншектің ішінен өсімдік тектес жасыл түсті зат салынған 11 пакет табылған. Әскери қызметші анықталған зат туралы кезекші қызметке дереу баяндаған. Оқиға орнына тиісті қызметтер шақырылып, қауіпсіздік шаралары қабылданды.Табылған зат одан әрі тексеру және тиісті шаралар қабылдау үшін құзыретті органдарға тапсырылды.
Оқиға бойынша тексеріс басталды.
Бұған дейін бейтаныс азаматтар ерлер түрмесіне дрон арқылы үш ұялы телефон кіргізбек болған еді.