Атырауда компания менеджерін қатыгездікпен өлтірген күдіктінің ісі сотқа жолданды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Сәуірдің соңында Атырау қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінде әйелді күдікті қамауға алынған еді.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 сәуірде күдікті әйелді үйінде қатыгездікпен өлтірген.
– Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері 1979 жылғы әйелді тұрғын үйінде өлтірген 1987 жылғы күдіктіні ұстап, қамауға алды. Одан заттай айғақтар табылып, тәркіленді. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2 бөлігімен (Адам өлтіру) қылмыстық іс тіркелді. Кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметі.
Жұртшылық арасында резонас тудырған қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық іс бірнеше баппен тергелген.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі қылмыстық істің сотқа түскенін растады. Бірақ, қылмыстық істің қашан қаралатынын нақтыламады.
Кейбір БАҚ пен телеграм арналарында тараған ақпаратқа қарағанда, аталған қылмыстық іс жабық режімде өтуі мүмкін.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.
Кейін Атырауда 46 жастағы әйелді өлтірген күдікті қамауға алынды.