Атырауда Құрылтай депутаттарының сайлауына орай екі жаңа учаске құрылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындарда екі жаңа сайлау учаскесі құрылды. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауды өңірде құрамында 2101 адам бар 9 аумақтық және 278 учаскелік сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Сайлау туралы Конституциялық заңның «Сайлау учаскелерін құру» туралы 23-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді сайлау учаскелерін үздіксіз жұмыс істейтін және вахталық әдіспен еңбек ететін кәсіпорындарда құруға мүмкіндік берілген.
- Осыған байланысты Атырау қаласында және Жылыой ауданында екі жаңа сайлау учаскесі ашылды. Оның бірі – NCOC компаниясының «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауытында, екіншісі – Прорва кен орнындағы «Каспий самалы» вахталық қалашығында орналасқан,- деді Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева.
Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін нақтылап жатыр. 9 шілдедегі мәлімет бойынша Атырау облысында 426 мыңға жуық сайлаушы тіркелген.
Сайлау туралы заңнамаға сәйкес егер сайлаушы дауыс беру күні өзі тұрақты тіркелген мекенжайында болмайтынын білсе, ол дауыс беру күніне 30 күн қалғанда өзі болатын аумақтағы әкімдікке өтінішін беріп, сол жердің сайлаушылар тізіміне тіркелуге құқылы. Яғни басқа облысқа кететін сайлаушылар 23 шілдеге дейін өз өтінішін жолдап, сол облыстың сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Тиісті әкімдік сайлаушыны тізімге енгізіп, тұрақты тіркелген тізімнен дауыс беру күні алып тастауды ұйымдастырады.
- Ал бұл мерзімнен кешіккен азаматтар 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін тұрақты тіркелген сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігін алып, басқа өңірде дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы алуға болады және мұндай сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді. Дегенмен жоғалған есептен шығару куәлігінің телнұсқасы берілмейді,-деп толықтырды Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева.
Сондай-ақ өңірде сайлаушыларға ақпараттық қолдау көрсету үшін 10 call-орталық іске қосылды. Бұдан бөлек, бүгіннен бастап Telegram-бот жұмысын бастайды. Ол арқылы азаматтар өздерінің тіркелген сайлау учаскесі, дауыс беру тәртібі және сайлау науқанына қатысты өзге де мәліметті ала алады.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда Құрылтай сайлауына орай 2 мыңға жуық жас сайлаушы қосылатынын жазған едік.