Атырауда лотос маусымы басталды: әзірге гүл сирек
АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде лотос гүлдеп бастады. Дегенмен гүл саны әдеттегіден өте аз.
Жалпы лотос жыл сайын шілде айының ортасы мен тамыз ортасына дейін гүлдейді. Қазіргі уақытта алқаптағы гүл саны өткен жылдармен салыстырғанда өте аз. Басым бөлігінде жапырақтары ғана су бетінде жайқалып тұр.
Лотос алқабына жету үшін алдымен ауданға қарасты Теңіз ауылына барып, одан әрі жалдамалы қайықпен өзен арналары арқылы жүру қажет. Жол бойында су лалагүлдері жайқалып, аққұйрық субүркіті, кішкентай герон, су құзғыны сияқты құстарды көруге болады.
Қайықпен жету үшін әр адам 5-7 мың теңге аралығында жолақы төлеуі тиіс. Баға қайықтың сыйымдылығы мен қуатына байланысты.
Қиғаш өзеніндегі қызғылт лотос – Қазақстандағы сирек кездесетін өсімдіктердің бірі. Сондықтан оны жұлуға тыйым салынған. Биіктігі 150 сантиметрге дейін жететін бұл гүл көп халықтың мәдениетінде тазалықтың символы саналады.
Былтыр осы гүлді насихаттап, ауданның туристік әлеуетін көрсетуге бағытталған Лотос фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара бір айға созылған еді. Биыл да өткізу жоспарланып отыр.
- Фестивальді 15-16 тамызда басталады. 1 аптаға созылады деген жоспар бар. Іс-шара аясында мерекелік концерт, спорттық жарыстар болады, - деп пікір білдірді Теңіз ауылдық округінің әкімі Мұзафар Мұрадым.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, лотос алқаптарының инфрақұрылымын кеңейту жұмыстарын жандандыру бойынша іс-шара жоспары жасақталып жатыр. Айта кетейік, өзен жағасында 6 туристік демалыс орны жұмыс істейді.
Бұған дейін Атырау туризмінің әлсіз тұстары қандай екенін жазған едік.