Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда мектептегі тегін тамақтың құны өзгермейтін болды

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау облысында мектеп оқушыларына берілетін тегін ыстық тамақтың құны биыл өзгермейді. Бұған дейін асханаға жауапты кәсіпкерлер азық-түлік бағасының қымбаттауын және мәзірді алға тартып, бір балаға бөлінетін қаржыны 1 мың теңгеге дейін арттыруды сұраған. Алайда облыстық білім беру басқармасы нарықтағы бағаны саралай келе, қазіргі бекітілген қаржы көлемін жеткілікті деп таныған.

Атырауда мектептегі тегін тамақтың құны өзгермейтін болды
Фото: Мухтор Холдорбеков\Kazinform

Биыл ақпанда облыстағы мектептерді ыстық тамақпен қамтып отырғын кәсіпкерлердің бір тобы әр оқушы үшін бөлінетін ақшаны 1 мың теңгеге жеткізуді сұрады.

Олар қаржының аздығынан балаларға күн сайын жеміс пен көкөніс бере алмайтынын айтып, сол кездегі облыс әкімі Серік Шәпкенов қаражатты көбейтуді ұсынған еді.

Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, бұл ұсыныс жан жақты қаралған. Нарықтағы азық-түлік құны сараланып, әзірге қаржыны көтеру қажеттілігі туындамаған.

— Маусымға байланысты тамақтар қымбаттайды, сәйкесінше бір мезгілдері арзандайды. Біз негізінен тамақтың арзандаған кезін назарға алмаймыз, әдетте қымбаттаған кезі айтылады. Кәсіпкер бизнес өкілі болғандықтан пайда түсіру бағытында жұмыс істейді. Ал біздер бюджетті тиімді пайдалану бағытында жұмыс ұйымдастырамыз, — деп түсіндірді басқарма басшысы Марат Әбуов.

Өңірде бастауыш сыныптарда білім алатын әр оқушының күнделікті ыстық тамақ қамту үшін 720 теңге, ал жоғары сынып оқушысына 837 теңге қаралған. Облыс мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылатын оқушы саны 68 мыңнан асады.

Өңірдің бас ұстазының ақпаратына сүйенсек, мектеп асханасындағы балаларға арналған мәзірді денсаулық сақтау басқармасы бекітеді. Былтыр жаңа мәзір бекітілген. Кейін ұсыныстарға, кей өнімдердің тапшылығына байланысты 3 рет өзгерттік.

— Атырауда бір баланың ыстық тамағына бөлінген қаржыны өзге өңірлермен салыстырсақ, орта деңгейде тұрмыз. Біздер біртіңдеп бюджеттің мүмкіндігіне және мәзірдегі өзгеріске қарай өзгертіп жатырмыз. Жаңа мәзір бойынша ата-аналар тарапынан тамақтың желінбеуі бойынша өтініш түспеді. Демек мәзірдің сапалық құрамы, тамақты жеу көрсеткіші қалыпты деңгейде, — деп толықтырды Марат Әбуов.

Айта кетейік, 2026-2027 оқу жылы өңірде 237 мектеп жұмыс істейді. Оларда 155 мыңнан аса оқушы білім алады деп болжанған.

Білім саласындағы өзекті мәселенің бірі — балалар тасымалы. Бұған дейін Атырау облысында оқушыларды тасымалдауға 28 автобус жетіспейтінін жазған едік.