Атырауда мемлекеттік грантпен білім алған 269 түлек міндеттемелерін өтемеген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Соңғы үш жылда Атыраудағы жоғары оқу орындарын мемлекеттік білім беру грантымен тәмамдаған 269 түлек оқу гранты бойынша міндеттемесін орындамаған.
«Қаржы орталығы» АҚ ұсынған мәліметке сәйкес, аталған түлектердің мемлекеттік бюджет есебінен алған білімін өтеу міндеттемесіне байланысты құқықтық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазір 260 іс бойынша сотқа дейінгі талап қою рәсімі жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 3 түлекке қатысты азаматтық іс қозғалып, тағы 6 адамға қатысты сот шешімі шыққан. Олар оқытуға жұмсалған шығын мен заңда көзделген айыппұлды өтеуге міндеттелді.
Соңғы үш жылда Атырау облысындағы жоғары оқу орындарын мемлекеттік бюджет есебінен 1489 адам тәмамдаған. Оның ішінде 882 түлек жұмысқа орналасып, грант бойынша міндетті өтеу мерзімін орындап жүр. Ал 2023 жылдан бері 8 адам мемлекет алдындағы міндеттемесін толық орындаған.
Қолданыстағы талапқа сәйкес, мемлекеттік білім беру грантымен оқыған түлектер оқуын аяқтаған жылы қыркүйек айына дейін жұмысқа орналасып, бұл туралы «Қаржы орталығы» АҚ-ны хабардар етуі тиіс. Егер жұмысқа орналаса алмаса, тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.
Заңнамаға сәйкес, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналар, сондай-ақ оқуын мемлекеттік бюджет есебінен әрі қарай жалғастырған азаматтар грантты өтеу міндетінен босатылады.
Бұған дейін 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранты конкурсының қорытындысы 10 тамызға дейін жарияланатынын жазғанбыз.