Атырауда мотоциклмен түйеге соғылған жасөспірім оқиға орнында мерт болды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында кәмелетке толмаған жасөспірім мотоциклмен келе жатып түйеге соқтығысқан. Ауыр жарақат алған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға 27 шілдеде кешкі мезгілде Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында болған. Бүгін бұл деректі Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Кешкі сағат 21:30 шамасында Сағыз ауылында 2010 жылғы жасөспірім мотоциклмен келе жатып, түйеге соқтығысқан. Жасөспірім алған дене жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қайтыс болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы Сағыз ауылының жастары тағы да төбелескенін хабарлаған болатынбыз.
Полиция департаментінің мәліметінше, Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтау жұмысын жүргізуді қолға алған. Аталған дерек бойынша бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.