Атырауда орталық көпір 10 күнге жабылды
АТЫРАУ.KAZINFORM - Атырау қаласында Абай көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарына байланысты бүгіннен бастап орталық көпір мен орталық айналма жол 10 күнге жабылды. Осы кезеңде қоғамдық көлік бағыттарына уақытша өзгерістер енгізілген.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары барысында жол жабыны жаңартылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылады.
Аумақтағы жолды жөндеуге 15 арнайы техника мен 20-дан астам жұмысшы жұмылдырылған.
- Жоспар бойынша аталған учаскеге 2 қабат асфальт бетон жабындысы төселеді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң көлік қозғалысы бұрынғы режимге көшіріледі,-деп хабарлады қала билігі.
Бұған дейін Атыраудағы тасқыннан бүлінген көпірдің құрылысы ұзаққа созылып кеткені туралы жазған едік.