Атырауда полицейлер есірткі айналымының алдын алу мақсатында түзеу мекемесін тексерді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда полицейлер №66 түзеу мекемесін тексеріп, есірткі айналымының алдын алды.

Polisia.kz порталының мәліметінше, Атырау облысында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында «Қарасора-2025» жедел профилактикалық шарасы жүргізіліп жатыр.
Іс-шара аясында Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 66 түзеу мекемесін тексерді. Тексеру кезінде арнайы үйретілген қызметтік және іздестіру иттерін пайдаланылды.
Рейд барысында мекеме аумағындағы автокөліктер мен күдіктілер ұсталып отыратын бөлмелер мұқият қаралды. Басты мақсат – өңірге тыйым салынған есірткі және психотроптық заттардың жеткізілуіне жол бермеу, сондай-ақ олардың заңсыз айналымына тосқауыл қою.
Профилактикалық тексеру барысында № 66 түзеу мекемесінде күдік тудыратын заттар анықталған жоқ. Сондайақ полиция бұл бағыттағы жұмыстардың күн сайын тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
Бұған дейін колонияларға тыйым салынған заттарды кіргізбек болған адвокаттар ұсталғанын жазған едік.