Атырауда прокуратура полицияның заңсыз шығарған 100-ден астам қаулысының күшін жойды
АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау қаласының прокуратурасы жүргізушілерді құжатсыз көлік басқарғаны үшін заңсыз жауапқа тарту тәжірибесінің жолын кесті, деп хабарлайды Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қолданыстағы заңнамада жүргізушілердің жанында қағаз түріндегі құжаттары (жеке куәлік пен жүргізуші куәлігі) болуы тиіс деген міндеттің жоқтығына қарамастан, оларды ӘҚБтК-нің 612-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа заңсыз тартып келген.
«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңның 7-бабына сәйкес, осы Заңның талаптарына сәйкес келетін және оған қол қоюға өкілеттігі бар адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат қағаз жеткізгіштегі қол қойылған құжатпен бірдей.
Қадағалау актісі бойынша 100 заңсыз қаулының күші жойылып, осылайша азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Қадағалау органы әкімшілік іс жүргізу саласындағы заңдылықтың сақталуы ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Осыған дейін Абай облысында прокуратураның бизнеске қатысты 60 заңсыз тексеруді тоқтатқаны туралы жаздық.