Атырауда санитариялық талаптарды сақтамаған наубайхана жұмысын тоқтатты

АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырауда санитариялық талаптарға сай келмейтін наубайхана анықталды. Күніне шамамен 600 нан шығаратын цех бір айға жабылды.

социальный хлеб
Фото: freepik

Әлеуметтік желіде тараған қаладағы наубайханалардың біріндегі жағдай көпті шошытты. Видеодан нанға арналған қалыптардың жерде жатқанын, ғимараттың жөнделмегенін, өнімдердің дұрыс сақталмағанын және аумақтың санитарлық талаптарға сәйкес келмейтінін байқауға болады.

28 қаңтарда Атырау қалалық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы кәсіпкерлік субъектіге жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, тамақ өңдеу технологиясы бұзылғаны белгілі болды.

- Жоспардан тыс тексеріс қорытындысымен жеке кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425 бабы 1 тармағына сәйкес 160 АЕК немесе 700 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұзушылықтарды жоюға бір ай уақыт берілді. Сондықтан нысан өз қызметін тоқтатты,-деді Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ернар Әбілқайыров.

Тексеріс нәтижесінде онда жұмыс істеген 3 азаматтың медициналық тексерістен өткенін растайтын санитарлық кітапшасының жоқтығы белгілі болған.

- Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес 2018 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілерге жүктемені азайту мақсатында санитариялық э-эпидемиологиялық аудит, 2020-2024 жылдар аралығында ШОБ нысандарына мораторий енгізілгендіктен аталған наубайхана бірнеше жылдан бері жоспарлы тексеріспен қамтылмады. Сондай-ақ осы уақытқа дейін тұрғындардан арыз-шағым түспеді,-деді Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ернар Әбілқайыров.

Тексеріс жүргізген мамандардың сөзінше, наубайхана 2008 жылдан бері жұмыс істеп келген. Нысан «Атырау» ықшам ауданында орналасқан.

Осыған дейін Қызылордада санитариялық талап сақтамағандарға 22 млн 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар