Атырауда сорғы стансасындағы апаттан бір шағын аудан тұрғындары 3 күннен бері сусыз отыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданында үш күннен бері сусыз отыр. Бұған кәріз-сорғы стансасындағы апат себеп болған.

ауыз су
Фото: Kazinform

«Нұрсая» — кейінгі жылдары бой көтерген шағын аудан. Мұнда тұрғын үйлер, аурухана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар салынған. Үш күннен бері шағын аудан тұрғындары әлеуметтік желіде судың жоқтығына байланысты шағым айтып жатыр.

Осыған байланысты сумен жабдықтаушы кәсіпорын арнайы ақпарат таратты.

«Коммуникациялардың шамадан тыс жүктелуіне, нормадан артық жауын-шашынның түсуіне байланысты апаттың себебін анықтау мүмкін болмаған еді. Сол себептен, «Нұрсая» шағын ауданында су беруді уақытша шектеу туралы шешім қабылданды. Сумен қамту кестеге сәйкес жүргізілді», -деп хабарлады «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-дан.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның жөндеу бригадалары апат салдарын жою жұмысын жүргізуді қолға алған.

«Апат себебі бүгін анықталды. Қазір жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жақын арада сумен толық қамтамасыз ету және дренаж жүйесі қалпына келтіріледі», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың кейбір бөлігі мен оған іргелес елді мекендерде жарық өшіп қалғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар