Атырауда тышқан қаптап, төбесінен су кеткен мектептің жөндеуі тағы да кейінге қалды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары орта мектеп ғимаратының техникалық және санитарлық жағдайына алаңдаулы. Ата-аналардың айтуынша, білім ордасында төбеден су ағып, қабырғалары жарылған, ал күрделі жөндеу жұмысы әлі басталмаған.
Талдыкөл ауылындағы орта мектепке соңғы 16 жылда күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ата-аналардың айтуынша, ғимараттың қабырғалары жарылып, төбесінен су ағады. Қыс мезгілінде мектептің іші суық болып, кейбір кабинеттер мен спорт залды пайдалану қиынға соғады.
Ауыл тұрғыны Жұмагүл Сұлтанованың сөзінше, мектепте жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмысы мәселені толық шешпейді.
— Мектептің төбесінен жаңбыр жауса, қар ерісе су ағады. Спорт зал қыста жұмыс істемейді, асхана да суық. Бұған дейін мектепте тышқандар көбейіп, олардың иісі әлі күнге дейін сезіледі, — дейді ол.
Ата-аналардың бір тобы мектептің санитарлық жағдайына алаңдаушылық білдірді.
— Балалар спорт залдың суық екенін айтып келеді. Кейде жаңбыр кезінде су тамшылайды дейді. Мектептің ішінде жағымсыз иіс бар. Жертөледегі жағдай да көңіл көншітпейді, — дейді ауыл тұрғыны.
Екі жыл бұрын ауылға келген су әлеуметтік маңызы бар нысандарға қауіп төндірген болатын. Былтыр ауыл ішінде тышқандардың жаппай көбеюіне байланысты оқу процесі екі ай онлайн форматта ұйымдастырылдаы. Кеміргіштерді улағаннан кейін еден астында қалған өлекселерді толық тазарту мүмкін болмай, ғимарат ішінде жағымсыз иіс сақталған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мектеп аумағында жыландардың да жиі көрінеді.
Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышеваның айтуынша, мектепті 2026 жылы реновациялау жоспарланған.
— Демеушілердің қолдауымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Күрделі жөндеуге 811,8 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Оның 80 пайызы, яғни 649,4 млн теңге аудан бюджетіне бөлінді. Алайда мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бастауға рұқсат берілмеді, — деді бөлім басшысы.
Облыстық білім басқармасы жөндеу жұмыстарының кешігуін бюджет қаражатының тапшылығымен түсіндіріп отыр.
— Талдықөл орта мектебінде 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық аясында ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жөндеу барысында мектеп іші, оқу кабинеттері толықтай ретке келтіріледі. Бұл оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталады. Нәтижесінде мектепте білім беру процесін ұйымдастыруға ешқандай кедергі туындамайды. Оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді басқарма.
Басқарма мәліметінше, қаржы бөлінген жағдайда білім ордасына күрделі жөндеу жүргізіледі.
Ал жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп ғимаратының санитарлық жағдайына санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары баға береді. Егер ғимарат талапқа сай емес деп танылса, оқу процесін ұйымдастыру мәселесі қосымша шешілмек.
Еске салайық, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде үш жаңа міндетті курс енгізіледі.