Атырауда ІІ топ мүгедегі тіс емханасының сапасыз қызметі үшін сотқа жүгінді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ІІ топ мүгедегі сотқа жүгініп, тіс емханасының сапасыз қызмет көрсеткенін дәлелдеді. Енді оған моральдық шығын өтеледі.

стоматология
Фото: pixabay

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екінші топ мүгедегі А. қалалық сотқа тіс емханасынан 1 млн теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талаппен жүгінген. 

Талап қоюшының айтуынша, бұған дәрігердің оның тісін сапасыз емдегені себеп болған. Ем жүргізілгеннен кейін тісінің ауырғаны басылмай, тіс емханасының дәрігеріне қайтадан барған. Алайда, дәрігер ауырған тісті қарамай, ісіп кеткен жағдайда ғана келу керегін айтып, кері қайтарып жіберген. 

«Емделуші тісінің ісуіне байланысты сол дәрігерге тағы да жүгінген. Бұл жолы дәрігер екінші топ мүгедегіне облыстық ауруханадан ем алу үшін жолдама жазып берген. Облыстық ауруханада емделушіге тісінің іріңдеуіне байланысты ота жасалған. Ол аталған ауруханада ұзақ уақыт ем алған», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Атырау қалалық сотында қаралған азаматтық іс соңы тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеуіне ұласты. Тараптар өзара келісімге келген.

«Келісім шарттына сәйкес тіс емханасы талап қоюшыға моральдық зиян үшін 100 мың теңге өтемақыны, дәрі-дәрмек шығындарын төлеуді міндетіне алды. Ал, талап қоюшы өзінің талабынан бас тартты. Сот ұйғарымымен аталған медиациялық келісім бекітілді», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен. 

Сот актісі заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында құқығы бұзылған тұтынушыларға 14 млн теңге қайтарылғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар